Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте.
Ана тіліңді меңгеріп алмай тұрып, өзге
тілді меңгеру мүмкін емес
(Ж. Аймауытов)
Тіл –қай ұлтта, қай елде болмасын қасиетті де құдіретті. Сол себепті әр адамзат баласы үшін өз ана тіліне деген сүйіспеншілік болуы керек. Ана тілінің тамырын терең қалыптастырған елдің ғана болашағы жарқын болмақ. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап анамыздың сүтімен бойымызға қалыптасқан ана тілімізді шұбарлау –арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау.
Ана тіліміз ата –бабамыздан бері мирас болып қалған асыл мұра іспеттес. Сондықтан әр адам тілімізді ластамай, лайламай таза сөйлеуге міндетті. Бірақ, өкінішке орай, туған тілімізді өзге тілмен араластырып сөйлеп жүргендер жетіп артылады. Оларды көріп жаның ашиды. Өздері үшін сырт көзге әдеміміз деп ойлар, амал не, олар мен үшін ең аянышты жандар болмақ. Ол аздай, өз тілінен безіп, менсінбейтіндер де бар. Ұялып та жатады керек десең. Осы орайда К.Г. Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам –жәндік» деген сөзі ойыма еріксіз оралады.
Тілді сүю ол туған жеріңді, еліңді, Отаныңды сүю деген сөз. М. Мақатаев:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем,-
деп Отанды сүюдің, ана тілін сүюдің биік қасиет екендігін білдіреді.
Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан -2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды...» деген жолдауындағы сөздерді барша қазақстандық құптайды.
Елбасымыз үш тілді үйренуімізді міндеттеп отыр. Мен оған толықтай келісемін. Себебі адам өзге тілді меңгеру арқылы сол елдің ұлттық салт – дәстүрін, мәдениетін біле алады.
Мейлі, сен көп тілді біл, «қой» демес ем!
Пушкин, Байрон, Шекспир,Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын,
Туған Ана тіліңде сөйлемесең!